15 маусым күні Үндістанда тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан жеті адам қаза тапқан, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қайтыс болғандар арасында пилот та бар. Ресми дерек бойынша, тікұшақ бортында бес ересек адам, бір нәресте және бір экипаж мүшесі болған. Ол Гупткаши қаласынан таңғы 5:10-да ұшып шығып, 5:18-де Кедарнатх храмының тікұшақ алаңына қонған. Бір минуттан соң қайтадан әуеге көтеріліп, 5:19-да Гупткаши қаласына беттеген. Тікұшақ жолдағы Гаурикунд маңында апатқа ұшыраған.
Апаттан кейін жергілікті билік пен құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, жағдайды бақылауға алған. Қазіргі уақытта құтқару операциясы жалғасып жатыр. Апаттың себептері әлі белгісіз.
Еске салайық, өткен аптада Үндістанда әуеге енді көтерілген жолаушыға толы ұшақ апатқа ұшыраған болатын. Апат салдарынан қаза тапқандар саны 279 адамға жетті. Алғашқыда рейске отырған барлық жолаушының қаза тапқаны айтылған. Артынан, бір адамның тірі қалғаны белгілі болды.