$ 471.45
 547.21
 6.63

Ұлытау облысында кардиологиялық және эндокринологиялық көмек сапасы бағаланды

Редактор
01.05.2026, 00:20
Фото: Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы
 Өңірде цифрлық медицина дамытылып, шалғай ауылдар үшін телемедицина қолға алынбақ 

Ұлытау облысында өткен республикалық деңгейдегі ауқымды мониторинг медицина саласындағы жүйелі реформалардың аймақтағы іс жүзіндегі көрінісін айқындап берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру мен ұлт саулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық өзегі. Осы орайда елімізде қабылданған «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» өңірлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жаңа белеске көтеруді көздейді. Аталған құжат аясында заманауи технологияларды енгізу, дәрігер мамандығының мәртебесін асқақтату және халықтың медицина жүйесіне деген сенімін нығайту бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлік медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету жөніндегі арнайы бұйрығын орындау мақсатында, 2026 жылғы 23–24 сәуір аралығында республикалық мониторингтік топ Ұлытау облысында жұмыс істеді. Еліміздің жетекші медициналық орталығы – «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ білікті мамандарынан құралған топ аймақтың емдеу мекемелерін аралады. Кардиологиялық қызметті дамыту жөніндегі үйлестіруші А. Тұрысбекұлының басшылығымен келген кардиолог дәрігер В. С. Павлов пен эндокринолог дәрігер М. Е. Жекеева облыстағы кардиология, нефрология, ревматология және эндокринология бейіндері бойынша медициналық көмектің сапасын жан-жақты сараптады.

Жұмыс тобы Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханада, Сәтбаев қаласының емханасында, сондай-ақ «Жезқазған медициналық орталығы», «Жүрек» және «Макенбаева» емдеу орталықтарында тікелей тексерулер жүргізіп, жергілікті ақ халатты абзал жандардың күнделікті жұмыс процесімен және тәжірибесімен танысты.

Мониторинг қорытындысы Ұлытау өңіріндегі медициналық инфрақұрылымның айтарлықтай өскенін және отандық дәрігерлердің кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Күрделі араласулар санының артуы – аймақ кардиологиясының үлкен жетістігі. Тек соңғы жылдың ішінде коронарлық ангиография (КАГ) зерттеуі 14,5%-ға, ал инфаркттің алдын алатын коронарлық стенттеу оталары 29%-ға ұлғайған. 

Оған қоса, кардиохирургиялық емдеу бағдарламасы шеңберінде 9 аортокоронарлық шунттау (АКШ) операциясы және 10 имплантацияланатын кардиовертер-дефибриллятор (ИКД) сәтті орнатылған. Дәрігерлердің осындай жоғары біліктілігі мен жанкешті еңбегі халық арасында дәрігер мамандығына деген құрмет пен сенімділікті айтарлықтай арттырып отыр.

Бүгінде аймақта интервенциялық кардиологиялық көмек көрсететін жетекші орталықтар жұмыс істейді. «Жезқазған қаласының медициналық орталығы» базасында III деңгейдегі тері арқылы коронарлық араласу (ТКА) орталығы мен 5 бірдей созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (СЖЖ) кабинетінің қызметі жолға қойылған. Нәтижесінде жедел медициналық көмек бригадаларының жіті коронарлық синдромы бар пациенттерді стационарларға сәтті жеткізу көрсеткіші 95,6%-ды құрады. Бұл – әрбір секунд қымбат тұратын сәтте адам өмірін арашалап қалудың нақты кепілі.

Дегенмен, ұлттық тұжырымдаманың басты талабы – сапаны тек орталықта ғана емес, ауылдық жерлерде де теңдей қамтамасыз ету. Осы мақсатта комиссия алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) ұйымдарының, соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлердің (ЖПД) жұмысын күшейтуді ұсынды. Артериялық гипертония мен қант диабетіне шалдыққан науқастарды заманауи хаттамалармен емдеу үшін жергілікті мамандарды үздіксіз оқыту, созылмалы дертке шалдыққан жандарды уақтылы тексеруден өткізіп, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету назарға алынды. Сондай-ақ тұрғындардың сауаттылығын арттыратын «Денсаулық мектептерінің» қызметін жандандыру көзделді.

Өңірдегі кардиологтар мен эндокринологтардың тапшылығы мәселесін шешу және шалғайдағы кенттер мен ауылдық жерлерде тұратын халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологиялардың рөлі күшейтіледі. Алдағы уақытта Ұлытауда телемедицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Сондай-ақ қан айналымы, онкологиялық және инсульт қызметтерін оңтайландыру мақсатында өңірлік ахуалдық-талдау орталығы құрылады. Бұл ауыл тұрғындарының қалаға келмей-ақ, жоғары деңгейлі кеңес алуына жол ашады.

Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мониторингтік топтың барлық ескертулері мен ұсынымдарын қысқа мерзімде орындау бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған бұл бірлескен қадамдар аймақ медицинасының сапасын арттырып, әрбір азаматтың мемлекеттік медицинаға және дәрігерлер кәсібіне деген берік сенімін қалыптастырудың негізі болады деп көзделіп отыр.