$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

Қазақ теннисінің жас жұлдызы: Мұстафа Есентайұлы Арменияда топ жарды

Редактор
21.10.2026, 18:15
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
Мұстафа Есентайұлы тенниспен 5 жасынан бастап айналысады 

Арменияның Цахкадзор қаласында өткен Karen Kureghyan Memorial Cup халықаралық жасөспірімдер теннис турнирінде жас спортшымыз жарқырап көрінді. Tennis Europe күнтізбесіндегі 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы 2-санатты жарыста қазақстандық Мұстафа Есентайұлы олжалы оралды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Турнирге Қазақстан, Молдова, Армения, Иран және Грузия сынды елдердің жас теннисшілері қатысты. Шетелдік жарыста алғаш рет бақ сынап отырғанына қарамастан Мұстафа Есентайұлы жекелей сында 1-орын, жұптық сында 2-орын иеленді.

Жарыс барысында жас спортшы әртүрлі елдерден келген қарсыластарымен кездесіп, өзінің шеберлігі мен жеңіске деген жігерін дәлелдеді. Топтық кезеңде Мұстафа Молдова өкілі Доминик Андрейченкомен және Самвел Тадевосянмен кездесіп, басым түсті.

Жартылай финалда ол Марк Бондаревті 7:5, 6:0 есебімен жеңсе, финалда Дмитрий Фазыловты 6:1, 4:6, 6:2 есебімен ұтып, турнир чемпионы атанды!

Мұстафа тенниспен 5 жасынан бастап айналысады. Қазір ол Алматы қаласындағы “Alatau” теннис орталығында жаттығады. Жаттықтырушысы — Гайратов Шохрух. Мамандар Алматы қаласының 12 жасқа дейінгі теннисшілер құрамасына кірген Мұстафа Есентайұлының болашағынан зор үміт күтеді.

«Мұстафаның бұл жетістігі — тынымсыз еңбектің, күнделікті жаттығудың, тәртіп пен табандылықтың нәтижесі. Жас спортшының жеңісі Қазақстан теннисінің болашағына деген сенімді арттыра түседі. Бұл жарыс шәкіртім үшін халықаралық тәжірибесін арттырып, өз деңгейін көрсетуге тамаша мүмкіндік болды», - дейді жаттықтырушысы.