Бүгін Алматыдағы «Динамо» стадионында әуесқой футбол командалары мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің командасы арасында шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Спорттық іс-шара алдағы Республика күні мерекесіне арналды. Турнирді «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының Орталық кеңесі ұйымдастырды.

«Динамо» Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, баршаны мерекемен құттықтады. Ол Республика күнінің Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігінің басты нышандарының бірі екенін атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша «Динамо» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің командасына бұйырса, «Қыран» әуесқой командасы үздік үштікті түйіндеді.

Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды.