$ 471.45
 547.21
 6.63

Ұлы Жеңіс күні – ел рухының асқақ мерекесі

30.04.2026, 14:04
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Ерлікке тағзым, ел қорғағандарға құрмет!

Биыл халқымыз үшін тағылымы терең, мағынасы зор қос мереке қатар келіп отыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 34 жылдығы. Бұл – ел тарихындағы ерлік пен батырлықты, отансүйгіштік пен бірлікті ұлықтайтын ерекше күндер.

Ұлы Жеңіс – қан майданда жанын қиған боздақтардың, тылда тынымсыз еңбек еткен халықтың қажыр-қайраты мен қайсар рухының жемісі. 1945 жылдың көктемінде жеткен бұл жеңіс – бейбіт өмірдің бастауы, ұрпаққа аманат болған қасиетті мұра. Қазақ халқы сұрапыл соғыс жылдарында өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы сынды қаһармандарымыздың есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Бүгінгі бейбіт өмір – сол батырлардың жанқиярлығының арқасы. Сондықтан Жеңіс күні – тек мереке ғана емес, ерлікке тағзым ететін, өткенге құрмет білдіретін ұлы күн.

Ал Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – Тәуелсіз еліміздің айбыны мен айғағы. 1992 жылы құрылған ұлттық армиямыз бүгінде ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін күзететін қуатты күшке айналды. Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздар мен офицерлер – ел мақтанышы. Қарулы Күштеріміздің кәсібилігі, тәртібі мен жауынгерлік рухы Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтып келеді.

Ел қорғау – ердің ісі. Бүгінгі жас ұрпақ батыр бабалардың жолын жалғап, туған жердің тұтастығын сақтауға әрдайым дайын болуы тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік, туған елге адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы.

Ұлы Жеңістің рухы – жігер береді, ал Қарулы Күштердің айбыны – елге сенім береді. Батырлар ерлігі ешқашан ұмытылмайды, ал Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбірей бермек!

Ерлік ешқашан ұмытылмайды! Отан қорғаушыларға құрмет – ұрпақ парызы!

Шотбас Нұржас, Бауыржан Момышұлы атындағы

дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған  

әскери мектеп- интернатының 7 Б сынып кадеті