Спорт

Ұлттық спорт университеті қашан ашылатыны белгілі болды

17:38, 08 сәуір 2025 95

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысын жүргізіп жатқан швейцариялық Mabetex компаниясының басшылығымен маңызды кездесу өткізді. Тараптар жобаның қазіргі кезеңі, құрылыс жұмыстарының сапасы және университеттің болашақ инфрақұрылымын талқылады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Кездесуден кейін министр білім ордасының құрылыс барысымен және жобаның бірінші және екінші кезеңдерінің жоспарымен танысты. Ербол Мырзабосынов құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңызын атап өтті. Жоспар бойынша университеттің алғашқы кезеңі мамырың соңына қарай пайдалануға берілмек.

Қазір бірінші кезең аясындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мамырда көпфункционалды спорт кешені, стадион, жеңіл атлетика манежі, жүзу бассейні, колледж ғимараты және 500 орындық жатақхана қолданысқа беріледі. Бұл – оқу процесін бастауға қажетті негізгі инфрақұрылым.

Жоба толық іске қосылған кезде университет спорт саласындағы мамандарды даярлаудың толыққанды жүйесін – колледжден бастап докторантураға дейінгі деңгейлерді қамтиды. Мұнда бір мезгілде 2000-нан астам студент пен 60-қа жуық магистрант және докторант білім алады.

Ербол Мырзабосынов аталған жобаның іске асуы еліміздегі спорттық білім беру жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіп, халықаралық деңгейдегі кәсіби кадрларды даярлауға жол ашатынын айтты.

«Университет инфрақұрылымы тек білім беру мекемесі ретінде ғана емес, көпсалалы спорттық және ғылыми орталық ретінде де қызмет етеді. Бұл өз кезегінде еліміздегі туризм мен спорт саласының дамуына серпін беріп, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Туризм және спорт министрі.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз