Әлеуметтік желіде кеңінен тараған «Курьер ана» видеосының авторы Алмат Несіпқалиев аталған жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, бейнежазба жарияланғаннан кейін қоғамда үлкен резонанс туып, көптеген азаматтар көмек көрсетуге ниет білдірген. Сонымен қатар түрлі ақпарат құралдары, телеарналар мен мемлекеттік мекемелер тарапынан да байланысқа шыққандар болған.
Алайда видео авторы отбасының жеке өміріне құрмет танытып, олардың рұқсатынсыз ешқандай мәлімет бермегенін атап өтті.
«Жұмыс орныма дейін іздеп келген мемлекеттік қызмет өкілдеріне де отбасының келісімінсіз ақпарат таратпайтынымды айттым», – деді ол.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде өзіне қатысты айтылған алаяқтық туралы пікірлерге жауап беріп, ешқандай қаржы жинау ұйымдастырылмағанын мәлімдеді.
Автордың сөзінше, бастапқы мақсат – үнсіз түрде көмек көрсету және халықты тексерілмеген ақпаратқа сеніп қалмауға шақыру болған.
Кейін ол жас анамен тікелей байланысқа шығып, отбасының нақты жағдайымен танысқан.
Белгілі болғандай, әйелдің жасы – 20-да, төрт айлық қызы бар. Отбасы жалдамалы бір бөлмелі үйде тұрады. Жолдасы такси қызметінде жұмыс істейді және денсаулығына байланысты біраз уақыт еңбекке жарамсыз болған.
Автордың мәліметінше, қаржылық қиындықтардың негізгі себебі – пәтерге қатысты алаяқтық жағдайына тап болуы. Отбасы пәтер ақысы, несиелік міндеттемелер және ломбардтағы қарыздар салдарынан қиын жағдайға түскен.
Жас ана мемлекеттік жәрдемақының тұрмысқа жеткіліксіз екенін айтып, табыс табу мақсатында курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болғанын жеткізген. Оның айтуынша, бір тапсырыстан орта есеппен 500–600 теңге табыс түседі.
Алмат Несіпқалиевтің айтуынша, өзі мен жұбайы алғашында азық-түлік пен балаға қажетті заттарды апарып берген. Кейін бұл бастамаға оның әріптестері де ерікті түрде қосылған.
Мәлімдеме соңында ол қоғамды бірлікке, жауапкершілікке және адамгершілікке шақырып, халықтың қолдау көрсету ниеті шынайы түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.
«Егер қоғам болып көмектескіміз келсе, бірлікпен қол ұшын созайық», – деді видео авторы.