Аймақ

Тұтынушыны алдаған: Ақмоладағы газ бекеттерінің бәрінен дерлік заңбұзушылық анықталды

16:09, 02 мамыр 2025 85

Ақмола облысында сұйытылған газ сатумен айналысатын екі кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тұтынушыларды алдау фактілері анықталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің өңірлік департаменті сенімсіз, яғни тексеруден өтпеген өлшеу құралдарының пайдаланылғанын анықтаған.

Бұл заңбұзушылықтар өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заң талаптарына қайшы келеді және тұтынушылардың құқықтарын бұзу қаупін тудырады. Қос субъектіге жалпы 1 061 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

2024 жылдың басынан бері облыста 20-дан астам газ құю бекетіне профилактикалық бақылау жүргізіліп, барлық жағдайда бұзушылықтар тіркелген.

Нәтижесінде:

  • 14 нысанға ресми ұйғарым берілді

  • 84 жабдықты пайдалануға тыйым салынды

  • 22 субъектіге қатысты іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды.

Мемлекеттік орган өкілдері бұл шаралар тұтынушы құқықтарын қорғау және әділ сауданы қамтамасыз ету үшін қолға алынғанын атап өтті. Олар азаматтарды заңсыздықтарды байқаса, жергілікті техникалық реттеу органдарына шағымдануға шақырды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз