Түркістанда мамандар тіл заңының талаптарын түсіндіру үшін дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына барды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Түркістан қаласына рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде, сондай-ақ сәулет мұрасы мәртебесінің берілуі – қаланың көрнекі келбеті мен тілдік кеңістігін заңнама талаптарына сай ұстауды міндеттейді, - делінген Түркістан қаласының әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына және ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 20-тармағына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” КММ қызметкерлері Жаңа қала аумағындағы бірқатар нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Мониторинг нәтижесінде, 18 нысан қамтылып, жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде заң талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Осыған орай, 7 кәсіпкерге ауызша ескерту беріліп, заңбұзушылықтарды жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған бағыттағы жұмыстар тамыз айына дейін жалғасын табады дейді мамандар.