Түркістан қаласының мамандары жат діни ағымдарға қарсы түсіндіру жұмыстарын жалғасуда. Қазір олар мектеп оқушыларына толыққанды ақпарат беріп жүр, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бұл жолы мамандар С.Рахимов атындағы мектепке табан тіреді. Іс-шараның басты мақсаты - оқушылар арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыру, радикалды ағымдардың алдын алу және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау.
Кездесуге қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Әуезханов пен Е.Қыдырбай қатысты. Кездесу барысында теолог маман оқушылармен ашық әрі мазмұнды әңгіме өрбітті. Олар ислам дінінің адамгершілік, сабырлық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерге тәрбиелейтіні туралы кеңінен түсіндіріп, қоғамда кездесетін теріс діни ағымдар мен олардың белгілері жөнінде нақты мәліметтер берді.
Сонымен қатар, мамандар дінді тек ресми және сенімді дереккөздер арқылы тану қажет екенін ерекше атап өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дін саласы бойынша пайдалы әрі құнды жауаптар алды. Мұндай танымдық кездесулер жастардың діни сауатын арттырып қана қоймай, оларды рухани тұрғыда тәрбиелеуге, салауатты көзқарас қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді дейді мамандар.