Аймақ

Алматы облысында алманың апорт сорты қайта жаңғыртылмақ

20:24, 20 қыркүйек 2025 40

Алдағы үш жыл ішінде Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы отырғызылып, әйгілі апорт сорты қайта жаңғыртылмақ, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бұл бастама Мемлекет басшысының апорт алмасын жандандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Аталған жоспар Талғар ауданында өткен дәстүрлі «Бақ күні» шарасында жария етілді.



Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен форумда бағбандар мен ғалымдар жеміс ағаштарын көбейту, жаңа сұрыптарды енгізу, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды пайдалану бағытында пікір алмасты. Шара ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналды.

Қазақстандағы селекцияның жағдайы, инновацияның жағдайы сәл де болса өзгеріс бар. Оған шүкіршілік айтамыз. Бірақ мына подвой деген дүниеде біз өңкей ескі подвойларды пайдаланып жатырмыз, - деді шаруа қожалығының жетекшісі Тыныбай Шынтасов.


Форумның басты тақырыбы – әйгілі апортты жандандыру. Осы мақсатта облыста 110 гектар жерге алма көшеттері отырғызылмақ. Ғалымдар сапалы әрі мол өнім алуға ниетті.

Біздің институтымыз Президент басқармасының қолдауымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен осы биылдан бастап апортты жандандыру үлкен жобасын жүзеге асырып жатыр, - деді  Қазақстан жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев.

Қазіргі таңда Алматы облысы елімізде жеміс-жидек пен көкөніс өндірісі бойынша екінші орында. Өңір ішкі нарықтың 16 пайызын қамтамасыз етеді.

Алматы облысы бойынша 12 мың гектардан астам жер осы бақ бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Жаңа технологияларды қосу аясында 1 гектардан 15 тоннадан 45 тоннаға дейін өнімділікті көтеруге мүмкіндік қарастырылып жатыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы.

Конференция соңында елдегі селекциялық геноқорды дамытуға қатысты нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз