$ 458.57
€ 501.54
₽ 5.57

Түркістанда «Мәдениеттер диалогы 2026» халықаралық симпозиумы басталды

Редактор
26.11.2026, 18:16
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
Симпозиум халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған

Түркістан қаласында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Халықаралық алаң шет мемлекеттердің конституциялық бақылау органдарының өкілдерін, Құрылтай депутаттарын, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамның өкілдерін біріктірді.

Симпозиумның негізгі тақырыбы құқық философиясын, білім мен ғылымның рөлін және халықаралық құқықтық стандарттарды зерделеу арқылы құқықтық мәдениет пен заманауи конституционализмді дамыту болды.

Пленарлық отырысты ашқан Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Симпозиумның Конституция үстемдігі мәдениетін нығайтуға бағытталған, 2025 жылы бастау алған халықаралық кәсіби диалогтың жалғасы екенін атап өтті.

«Конституция мемлекеттің құндылықтық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік осы құндылықтарды нақты істер мен әрекеттер арқылы жүзеге асырады», – деп атап өтті Эльвира Азимова.

Қатысушылар құқық пен мәдениетті жақындастыруда «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» конституциялық бағдарларының, сондай-ақ оларды қоғамның күнделікті өмірінде іс жүзінде жүзеге асырудың ерекше маңызын атап өтті.

Симпозиум қатысушыларына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен мемлекеттік органдарының, Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық соттарының, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының, БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP), БҰҰ Балалар қорының (UNICEF), БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA), «БҰҰ-әйелдер» құрылымының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің, Фридрих Эберт атындағы қордың, дипломатиялық корпус пен ғылыми-академиялық қауымдастықтың өкілдері белсенді қатысты.

Олардың қатарында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Maqsut Narikbayev University, Caspian University, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері бар.

Сондай-ақ Любляна университетінің (Словения), Оснабрюк университетінің (Германия), Вильнюс университетінің (Литва), Анкара Хажы Байрам Вели университетінің, Хажеттепе университетінің, Эскишехир Османгази университетінің (Түркия), Ош мемлекеттік университетінің, К.Ш. Токтомаматов атындағы Халықаралық университеттің (Қырғызстан), Стоуни-Брук университетінің (АҚШ), Имам Бұхари атындағы Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының (Өзбекстан) өкілдері қатысты.

Симпозиум жұмысына БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Акмал Саидов, БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің мүшесі Мадина Жарбосынова және Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева да қатысты.

Симпозиум аясында конституциялық құндылықтар мен мемлекеттілікті нығайту, құқық үстемдігі мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, бизнес саласындағы адам құқықтарын қорғау, орнықты даму, әлеуметтік саясат, отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар жауапкершілігі мәселелеріне арналған тақырыптық сараптамалық сессиялар, қонақ дәрістер мен практикалық семинарлар өткізілді.

Симпозиум халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ конституциялық құндылықтар құқықтық институттарда ғана емес, қоғамдық санада, мәдени дәстүрлерде және азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табатын құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау