$ 458.57
€ 501.54
₽ 5.57

Анасы мен қызы, мектеп оқушысы: Алматыдағы өрттен кімдер қаза тапқаны айтылды

Редактор
26.11.2026, 15:52
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Тұрғынның сөзінше, үй газбен жылытылған, ал жалға алушылар тамақ дайындау үшін газ баллондарын пайдаланған

Алматының Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өрттен аман қалған Анар Тұрғанбаева қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Әйел отбасымен бірге терезе арқылы сыртқа шығып, аман қалған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Қаза тапқандардың арасында төртінші сынып оқушысы, 60 жастағы әйел мен оның 40 жастағы қызы, сондай-ақ Өзбекстанның екі азаматы бар. Олар бір үйде бөлме жалдап тұрған. Анар Тұрғанбаеваның айтуынша, үйде жеті-сегіз бөлме болған. Әр бөлмеде екі-үш адамнан тұрған. Өрт кезінде дәлізді қою түтін басып, сыртқа шығу мүмкін болмай қалған. Сондықтан әйел отбасы мүшелерімен бірге терезе арқылы құтылған.

Тұрғынның сөзінше, үй газбен жылытылған, ал жалға алушылар тамақ дайындау үшін газ баллондарын пайдаланған. Дегенмен өрттің нақты шығу себебі әзірге белгісіз. Қайғылы оқиғадан кейін Анардың отбасы баспанасыз қалды. Оларға уақытша қонақүйден орын берілетіні айтылған.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 қарашада түнгі сағат 03:44-те өрт туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минут ішінде жеткенімен, сол кезде үйді жалын шарпып үлгерген.

Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілген. Оны ауыздықтауға 35-ке жуық қызметкер мен тоғыз техника жұмылдырылған. Алматы қаласының полиция департаменті қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.

Ал қала әкімдігінің мәліметінше, баспанасынан айырылған тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылған. Оларға құжаттарын қалпына келтіруге және заңгерлік көмек алуға жәрдем көрсетіліп жатыр. Аудан әкімдігі марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды да өз мойнына алды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау