Шымкенттегі дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, ер адам әйелге шыны ыдыс лақтырған. Салдарынан жәбірленуші беті мен қолынан жарақат алды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оқиға 25 қарашада болған. Әлеуметтік желілерде жанжалдың видеосы тарады. Qumash_kz парақшасының мәліметінше, оқиға Тәуке хан көшесіндегі «Кофемолка» кофеханасында болған.
Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, қыздар дәмханада отырған кезде көрші үстелге бірнеше ер адам жайғасқан. Олар қатты сөйлеп, қыздармен танысуға ұсыныс жасаған. Алайда қыздар бұл ұсыныстан бас тартқан. Осыдан кейін келушілер арасында сөзге келіспеушілік туындаған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Жанжал барысында ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны стақан лақтырған. Салдарынан әйел беті мен қолынан жарақат алды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.