Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Күлдеевке қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Бұл ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігі растады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков Алматыда университет проректорының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған тұлғаға қатысты істі тергеп жатпағанын мәлімдеген. Ғылым және жоғары білім министрлігі журналистердің ресми сауалына берген жауабында тергеу жүріп жатқанын растады.
«Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректорына қатысты қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады министрлік.
Satbayev University лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі Бас прокуратура тергеп жатыр.
Ержан Күлдеев туралы не белгілі?
Университеттің сайтындағы мәліметке сәйкес, Ержан Күлдеев 2021 жылдан бері басқарма мүшесі – корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор қызметін атқарып келеді. Ол 2025 жылы «Қазақстанның гидрогеологиялық карталарының атласы» тақырыбындағы еңбегі үшін ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.