Қоғам

Түркістан облысында жас жігітті бір топ адам өлімші етіп сабап кеткен

10:19, 18 ақпан 2026 26

Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғынын бір топ адам өлімші етіп сабап кеткен, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Төбелес ауданда өткен көкпар ойынынан басталды дейді жас жігіттің ағасы. Айтуынша, спорттық сайыста Ақбаржан өзінен 4 жас үлкен жігіт ерегесіп қалған.

«Күндіз көкпар ойын алаңында Азиз деген баламен Ақбаржан ерегесіп қалған. Кешке қарай Азиз есімді бала Ақбарға телефон соғып, сағат 21:00-де мектептің алдына шақырған. Біздің бала ол жерге барған кезде 25-30 шақты адам болған. Ақбаржанды ұрып-соғып, талып қалғанша жәбір көрсеткен және баланың басынан теуіп 5-10 минут қинаған», – дейді Ақбаржанның ағасы Мамадкарим Ниязтаев orda порталынына берген сұхбатында.

Ақбаржанның ағайындары өлім мен өмір арасында жатқан жігітті Қарабұлақ ауылындағы мал соятын аумақтан таптық дейді. Айдалада екі сағат бойы жатқан әлсіз денені түнгі он екіде ауруханаға алып келіп, ауруханаға жатқызған. Ол комаға түсіп кеткен. Бас ми жарақатын алған жігіт бір апта бойы жансақтау бөлімінде ем алып, енді палатаға ауыстырылыпты. Алайда, әлі де есін жимаған.  

«Жалпы үш науқас келген. Медициналық көмекке жүгініп. Оның ішінде біреуі жағдайы ауыр жағдайда болған. Ол сол уақытта тексерулерден өткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бір науқас жағдайы орташа ауырлықта жарақат бөліміне ем алуға жатқызылған. Бір науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаториялық емге жіберілген», – дейді Сайрам аудандық ауруханасының дәрігері Фаррух Шадиев. 

Басты жәбірленуші тергеушілерге оқиғанын мән-жайын айтып беруге әзірге шамасы жетпейді. Өйткені екі сөздің басын әрең қосып жатыр дейді жақындары. Жалпы бұл төбелесте бес адам зардап шегіпті. Олардың бәрі де Ақбаржанмен бірге барған достары. Бірінің мұрны сынып, екіншісінің ерні жыртылған. Олар 30 шақты адам жиналған қарсы топпен сөйлесу үшін бесеуі ғана барған дейді жәбірленуші тарап.

«Шақырған жігіттердің қолдарында пышақ, біреуінде пистолет, қолға тағып ұратын кастет болған дейді. Ал бұл бесеуінің қолында ешқандай қару болмаған. Бізде қазір қауіп көп. Өйткені адамды ұрып- соғып, денесін малша мыжғылап, айдалаға алып барып тастағандар сол күйі жауапқа тартылмады. Қамауға алынғанымен үйлеріне жібере салды», – дейді жәбірленушінің әкесі Шавкад Усманов. 

Полиция мәліметінше, топтық төбелес бойынша екі күдікті ұсталып, кейін үйқамаққа жіберілген.
 
"Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті екі тұрғын ұсталды. Ұсталғандарға қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды", - дейді полиция.
Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр. Туыстарының айтқан уәждері зерттеліп, тексерілетін болады, дейді полиция. Ал жәбірленуші медициналық мекемеде тиісті ем алып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз