Қырғызстанның Ош қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан бір отбасының үш қызы көз жұмды. Балаларын құтқаруға ұмтылған әкесі ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға 15 қарашаға қараған түні Ош қаласындағы Уста Абдухалил көшесінде болған. Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама құтқару қызметіне таңғы сағат 04:42-де түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды сағат 05:20-да оқшаулап, 07:57-де толық сөндірген.
Өрт шамамен 120 шаршы метр аумақты шарпыған. Үйдің өртенген бөлігін тексеру кезінде 2013, 2016 және 2018 жылдары туған үш қыз баланың мәйіті табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ата-анасы бес баласының екеуін сыртқа алып шығып үлгерген. Қалған үш қызын құтқаруға тырысқан әкесінің денесінің шамамен 60 пайызын күйік шалған. Ол Ош облыстық ауруханасына жатқызылған.
Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы немесе электр жылытқышының ақауы себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда нақты себеп әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.