Саясат

Тоқаев жақында жаңа Конституция қабылданатын референдум өткізу туралы жарлыққа қол қояды

17:48, 11 ақпан 2026 36

 Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.

Эльвира Әзімова Комиссияның осыған дейін өткен он екі отырысының нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгенін баяндады.

"Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде дайындалды. Сондай-ақ жобада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қазан-қаңтар айлары аралығында жинақтаған тәсілдер де ескерілді", - деп жазылған хабарламада.

Эльвира Әзімова Конституциялық комиссия талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның өте ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын айтты.

Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз