Аймақ

Теңіз суын тұшытатын жаңа зауыт: Маңғыстаудағы үш ауылда ауыз су мәселесі толық шешілді

16:18, 29 мамыр 2025 60

Маңғыстау облысында көптен күткен теңіз суын тұшытатын зауыттың құрылысы аяқталды деп хабарлайды bairaqmedia.kz

29 мамырда Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5000 текше метр теңіз суын тұшыта алатын жаңа зауыт іске қосылды. Оның салтанатты ашылу шарасына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев, құрылысты жүргізген «Tolagai-2050» ЖШС директоры Қанат Нышанов және аудан тұрғындары қатысты.

Жаңа өндірістік нысан теңіз суын өңдеп, санитарлық талаптарға сай сапалы ауыз су ұсынады. Бұл зауыт Форт-Шевченко, Баутино және Аташ елді мекендерінің тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамтамасыз етпек. Бұл үш елдімекенде шамамен 12 мыңға жуық халық тұрады. Олардың қазіргі тәуліктік су тұтыну көлемі 3500 текше метрді құрайды.

Зауыттың ашылу рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жергілікті халықты құттықтап, өңірде іске асып жатқан жобаларға тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста бірнеше ірі жоба қолға алынды. Су тапшылығы аймақ үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта жүйелі жоспарлар жасалып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жақын арада көретін боламыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара барысында жобаны іске асырушы «Tolagai-2050» компаниясы Түпқараған аудандық су жүйесі мекемесіне су жаңа автокөлік сыйға тартты.

Жалпы бұл жобаға Түпқараған ауданының құрылыс бөлімі тапсырыс берген. «Tolagai-2050» компаниясы зауытты су тазарту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Veolia Water Technologies компаниясының озық технологияларын қолдана отырып салған.

Мұндағы суды тазарту процесі үш кезеңнен тұрады:

  • Инфильтрациялық су алу құрылғысы
  • Ультрафильтрация жүйесі
  • Кері осмос жүйесі

 

Құрылыс барысында Veolia және Metito компанияларының ұсынысы бойынша мынадай өзгерістер енгізілген:

  • Каспий теңізі деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты инфильтрациялық су қабылдау құрылғысы тереңдетілді;
  • Судың жаңартылған зертханалық талдауының негізінде Veolia мамандары кері осмос жүйесіне:
  • қозғалтқыштардың қуатын арттыру;
  • мембраналар санын көбейту

 Бұл зауыттың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Зауытқа арналған жабдықтар АҚШ, Испания, Франция, Германия, Венгрия, Чехия және Түркиядан жеткізілді. Теңіз суының температуралық ауытқуларына бейімделу үшін жоғары қысымды сорғылар орнатылып, энергияны қалпына келтіру жүйесі енгізілді. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді «Tolagai-2050» ЖШС директоры Қанат Нышанов.

Компания басшысының сөзінше, жобаны іске асыру барысында техникалық және логистикалық қиындықтар болған. Әсіресе, санкциялық шектеулер кезінде еуропалық жабдықты жеткізуде кешігулер орын алыпты. Дегенмен, барлық мәселелер тапсырыс беруші және жобалаушы ұйымдармен бірлесе отырып жедел шешілді.

Бүгін біз сіздердің алдарыңызда заманауи, технологиялық және стратегиялық маңызды нысанды ұсынып отырмыз. Бұл зауыт Түпқараған тұрғындарын таза ауыз сумен ұзақ жылдар бойы қамтамасыз етеді деп зор сеніммен айта аламыз, - деп қорытындылады «Tolagai-2050» ЖШС директоры.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз