Аймақ

6 жыл бойы жезөкшелерден табыс тапқан: Павлодарда қылмыстық топқа жаза тағайындалды

16:55, 30 мамыр 2025 29

Павлодар мен Екібастұзда жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырған қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

2025 жылғы 29 мамырда Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар құрып, кірісін заңдастырған жеті адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот анықтағандай, олар 2017 жылдан бастап 2023 жылдың тамызына дейін Павлодар және Екібастұз қалаларында қылмыстық топ құрамында жұмыс істеп, жезөкшелікпен айналысатын бірнеше притон ұйымдастырған. Бұл қызметтен 650 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан және оны заңдастыру әрекеттерін жасаған.

Қылмыстық істегі айып куәлардың айғақтары, құжаттар, сараптамалар және жасырын тергеу шаралары арқылы дәлелденді.

Прокурор сотталушылардың барлығына 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал айыпталушылар өз кінәларын мойындамай, ақтауды сұрады.

Сот айыпталушылардың әрқайсысына жеке рөлін және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, келесідей жаза тағайындады. Ұйымдастырушыға 10 жыл, тағы бір айыпталушыға 7 жыл, ал қалғандары 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз