Атырау облысы Құлсары қаласында жанар-жағармай құю бекетінде жарылыс болып, 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, облыстық ТЖД 112 пунктіне Жылыой ауданы Құлсары қаласы Махамбет Өтемісұлы даңғылы бойында газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны бойынша хабарлама түскен. Салдарынан жақын орналасқан бір қабатты 3 ғимарат және артында орналасқан екі қабатты ғимарат өртенген.
Оқиға орнында жедел түрде ТЖД және МЕӨҚҚ барлығы 60 адам, 10 техника жұмылдырылды.
Өрт сөндіру қызметі өртті жою жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге уақытта қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша 16 адам зардап шекті, оның ішінде 2 адам қаза тапты, – делінген ТЖД хабарламасында.
Өрттің аумағы анықталып жатыр. Өрт сағат 20:15 те оқшауланып, сағат 21:47-де толықтай жойылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 14 адам ауруханаға жеткізілді, оның ішінде төртеуі – бала. Он адам ауруханаға жатқызылды, төртеуі амбулаториялық ем қабылдап жатыр.