Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде өзіне қатысты тараған жалған ақпараттарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, кейбір медиаресурстар депутаттың атымен байланысты "Декретке миллионмен" жобасына байланысты теріс пікірлер таратып, қызметтік тексеріс жүріп жатыр деген жалған мәлімет таратқан.
Кейбір орыс тілді БАҚ-та маған қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр деген ақпарат шықты. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Мен күнделікті қалыпты жұмыс тәртібінде жүрмін. Жобада заңға қайшы ештеңе жоқ, – деді Мұқаев.
Депутаттың айтуынша, жоба барысында әрбір қатысушыға табысы расталған жағдайда ғана қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл талаптар "eGov" электронды үкімет порталында нақты көрсетілген.
Ол жерде табысыңыз бар ма, аласыз, жоқ па, алмайсыз деген талап анық жазылған. Біз бұл жобаны "пиар" үшін жасаған жоқпыз. Қайта барлығы заң аясында және нақты есеппен жүргізілді. Миллион теңге деп аталғанымен, бұл нақты сома емес, шартты атау. Негізгі мақсат – үйде отырған аналарға кәсіп бастауға мүмкіндік беру, – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар ол жобаның арқасында мыңдаған ата-ана өз кәсібін бастап, табыс тауып отырғанын айтты. Ал кейбір жеке жағдайлар теріс жағынан көрсетіліп, бар еңбекті жоққа шығаруға тырысатындар бар екенін жасырмады.
Иә, бір-екі теріс жағдай болуы мүмкін. Бірақ біз мыңдаған ананың алғысын естіп жүрміз. Өкінішке қарай, жақсы нәтижелер емес, сын мен шу алдымен таралады. Жобаны қолдағандар мен нақты қатысқан азаматтар бұл бағдарламаның мәнін жақсы біледі, – деді Мұқаев.
Ол сонымен қатар әр адамның жасаған ісіне өзі жауапты екенін айтып, "кез келген құрал дұрыс та, бұрыс та пайдаланылуы мүмкін" деген ұстанымын жеткізді.
Мысалы, пышақты да ас дайындау үшін пайдалануға болады, қылмыс жасау үшін де. Автокөлік жүргізуді үйренген адам да – ережені сақтай ма, бұза ма – өзі шешеді. Сол сияқты бұл жобада да бастысы – әркімнің өз жауапкершілігі, – деді депутат.