ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болған Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі жазбасында қоғамдағы мәдениет, тәрбие, адамгершілік және өзара сыйластық мәселелеріне назар аударды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
""Өркениетті қоғам құру қарапайым мәдениеттен, кісілік қарым-қатынастан, адам бойындағы жағымды дағдылардан басталады ғой. Аталарымыз қашанда адамның тегіне, тәрбиесіне ерекше мән берген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Бәріміз де текті атаның тұқымымыз. “Бірақ кейде сол тектілік, атадан қалған өсиет қайда жоғалып барады?” деп мен ғана алаңдаймын ба?” десем, ел ішінде де алаңдаушылық бар екен", - деді экс депутат.
Оның айтуынша, соңғы уақытта қоғамдық орындардағы дөрекілік, тәртіпсіздік және әдеп нормаларының сақталмауы жиі байқалады. Автор бұл мәселенің түрлі өңірлерді аралау барысында тұрғындар тарапынан да көтерілгенін атап өтті.
«Бүкіл аймақтарды аралап жүрміз ғой… Саяси науқанмен. Әлеуметтік сұрақтар аз емес. Соның ішінде байқағаным — тәлім-тәрбиеге, мәдениетке, дәстүрге, адамгершілік қарым-қатынастарға қатысты сұрақтар жиі мазалайды екен», – деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Ол көшеде, қоғамдық көлікте және басқа да көпшілік орындарда адамдар арасындағы дөрекі қарым-қатынастың жиілеп кеткенін айтып, мұның қоғам мәдениетіне әсер ететінін жеткізді. Автордың пікірінше, өркениетті мемлекет құру ең алдымен әр адамның күнделікті әдеті мен қоғамдық ортадағы өзін-өзі ұстауынан басталады.
«Өркениетті мемлекет құру халықтың мәдениеті мен қоғамдық әдептен басталады. Ал оның негізі – дұрыс амандасу, айналаңа құрметпен қарау, тәртіп сақтау, көрінген жерге қақырынып түкірмеу, тұқыл лақтырмау, адамның ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтар», – деді ол.
Жанарбек Әшімжан сондай-ақ тәрбиені отбасынан бастап қалыптастырудың маңызын атап өтіп, қоғамдағы оң өзгеріс әр адамның өзінен басталуы керектігін айтты. Оның сөзінше, дәстүрдің заман талабына сай келетін тұстарын сақтап, қоғамдық мәдениетті арттыруға күнделікті іс-әрекет арқылы үлес қосу қажет.
Автор жазбасын оқырмандарды әдеп сақтауға және жақсы әдеттерді айналасына үлгі етуге шақырумен қорытындылады.