1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, мегаполисте мыңдаған жас тұрғын мен қала қонақтарының басын қосқан «Бақытты балалық үшін» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Орталық саябақта ұйымдастырылған бұл салтанатты шара шығармашылықты, ұлттық өнерді және отбасылық демалысты ұштастырған бірегей алаңға айналды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мерекенің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары қатысты. Шараның басты мақсаты – әрбір балаға қамқорлық көрсету және олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде дамуына жағдай жасау.
Бұл бастамалар балалардың әл-ауқатын арттырудың, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және шығармашылық әлеуетін дамытудың құқықтық әрі идеологиялық негізі болып табылатын «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасының мақсат-міндеттерімен тікелей үндеседі. Тұжырымдама аясында мемлекет өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, мәдени дамуына және тең мүмкіндіктерге ие болуына кепілдік береді.
Шымкент аспанын ән мен күйге бөлеген шараға 1500-ден астам жас өнерпаз қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көпшілік назарына ұсынды. Қала қонақтары мен тұрғындары үшін арнайы дайындалған мәдени бағдарлама өте мазмұнды болды: үрмелі аспаптар оркестрінің салтанатты шеруі, домбырашылар оркестрінің рухты концерті, арнайы безендірілген фотокөрмелер мен жас суретшілердің туындылары ұсынылды.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көрсетілгендей, ұрпақ тәрбиесіндегі басты бағыттың бірі – ұлттық құндылықтарды сіңіру. Осы мақсатта саябақта «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» атты тақырыптық алаң жұмыс істеді. Мұнда балаларға арналған қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Жасөспірімдер мен балалар мынадай бірегей өнер түрлерімен танысып, өз қолдарымен бұйымдар жасап көрді. Атап айтқанда балалар ағаш және былғары бұйымдарын жасау, қыш құмыра шеберлігі, қуыршақтар мен көркем қолөнер туындыларын дайындау, сонымен қатар ұлттық үстел ойындары (асық ату, тоғызқұмалақ т.б.).
Осылайша, «Бақытты балалық үшін» мерекесі жай ғана ойын-сауық емес, балаларға жарқын эмоция, шабыт сыйлаған және өз таланттарын ашуға жол ашқан нағыз балалық шақ салтанаты болды.