Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында көз жұмған бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың туыстары қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Олардың сөзінше, марқұм бұған дейін жоғары курс студенттері тарапынан қысым болғанын жеткізген, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Дауыл Бәкіртай Шымкент қаласының тумасы. Ол ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курсында оқыған. Отбасындағы бес баланың төртіншісі болған. Марқұмның бөле әпкесі Ұлдана Егізбайдың айтуынша, Дауылдың қазасы туралы хабар отбасына 16 қарашаға қараған түні жеткен. Туыстары бірден университет жатақханасына барғанымен, оқиғаның нақты мән-жайын біле алмаған.
«Екінші курстың сегіз студенті бірінші курстың екі студентін бөлмелеріне шақырып алып, ұрған. Менің бөлемді шокермен ұрып құлатып, кейін соққыға жыққан», – дейді марқұмның туысы.
Оның айтуынша, бұл мәліметтерді отбасы полиция бөлімінде естіген. Алайда аталған жайттар тергеу органдары тарапынан әзірге ресми расталған жоқ.
«Бізде сондай дедовщина бар»
Ұлдана Егізбай қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Дауылмен кездескенін айтты. Сол кезде студент жатақханадағы жоғары курс студенттерінің бірінші курс студенттеріне қоятын талаптары туралы әңгімелеген. Туысының сөзінше, бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерімен ерекше тәртіп бойынша амандасып, олардың тапсырмаларын орындауға міндеттелген. Марқұмның жақындары мәйітхана мамандары Дауылдың жүрек тұсына бірнеше соққы тигенін айтқанын да жеткізді. Олардың мәлімдеуінше, қолдарында тиісті медициналық құжаттар бар.
Туыстары университет басшылығына қатысты да пікір білдірді
Ұлдана Егізбайдың айтуынша, олар университет өкілдерінен оқиғаның мән-жайын сұраған кезде студенттер арасында төбелес болғаны жоққа шығарылған. Туыстарының сөзінше, факультет деканы Дауылдың басқа бөлмеде жүрген кезінде жүрегі ұстап, құлап қалғанын айтқан. Алайда кейін студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кіріскен.
Еске салайық, студенттің қазасынан кейін университетте бірқатар кадрлық шешім қабылданды. Проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.