$ 491.37
 570.48
 6.78

ШҚО-дағы жағажай туризмі: өңірде шомылу маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

Редактор
01.06.2026, 19:55
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
 Қауіпсіз демалыс үшін бекітілген 23 ресми жағажай бар, олар қай жерде орналасқан? 

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маңызды дайындық жұмыстары аяқталды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен Өңірлік коммуникациялар қызметінің бірлескен көшпелі брифингінде мәлім болғандай, биыл өңірде жаппай демалуға арналған арнайы жабдықталған 23 ресми аймақ белгіленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, бұл көрсеткіш суға шомылу кезеңінде қайғылы жағдайлардың алдын алу және туризмді жүйелі дамыту бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

Су айдындарында халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, мониторинг жүргізілді. Биылғы маусымда бекітілген 23 учаске облыс аумағында келесідей бөлінген: Өскемен қаласы – 3 ресми жағажай; Ұлан ауданы – 8 арнайы демалыс орны; Күршім ауданы және Самар ауданы – 2 учаскеден; Риддер қаласы, Алтай, Үлкен Нарын, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха аудандары – әрқайсысында 1 нысаннан.

Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардан құралған арнайы комиссиялар қазірдің өзінде демалыс орындарының түбін тазалау және олардың техникалық талаптарға сәйкестігін визуалды тексеру жұмыстарын белсенді бастап кетті. Бүгінгі таңда ШҚО ТЖД-не су түбін мұқият тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 16 ресми өтінім келіп түскен және олар бойынша жұмыстар атқарылуда.

Өскемендегі жағажайлар дайын ба? 

Облыс орталығы Өскемен қаласында суға шомылу маусымы ресми түрде 15 маусымнан бастап ашық деп жарияланады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін барлық қауіпсіздік стандарттарына сай келетін келесі 3 негізгі жағажай қызмет көрсетеді. Олар: Солжағалау саябағы аумағындағы жағажай, «Самал» саябағындағы демалыс аймағы және КНМ (Комбинат нерудных материалов) аумағындағы жағажай.

Қазіргі уақытта «Самал» саябағы мен КНМ жағажайларында қалпына келтіру, абаттандыру және жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Егер аталған инфрақұрылымдық жұмыстар маусымның ашылу күніне дейін толық аяқталып үлгермесе, онда тұрғындарға жайлылық сыйлау бағытындағы жөндеу шаралары ресми ашылудан кейін де қатар жалғаса беретін болады.

Санитариялық бақылау: Су мен топырақтың сапасы қандай?

ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары шомылу маусымы алдында міндетті түрде зертханалық тексерулер жүргізеді. Мамыр айынан бастап тамыздың соңына дейін ай сайын жағажайлардағы су мен құмнан арнайы сынамалар алынып тұрады. 

СЭБД өкілдерінің хабарлауынша, өткен жылғы мониторинг нәтижелері бойынша барлық көрсеткіштер гигиеналық талаптарға толық сай келген және тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түспеген.

Қауіпсіздік шаралары және рейдтік жұмыстар

Облыс акваторияларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖД-нің 5 мамандандырылған құтқару бөлімшесі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Судағы тәртіпті қадағалау үшін ауқымды рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. 

Сонымен қатар бұл жұмыстарға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер және ҚР ТЖМ-нің Өскемен қаласы, Алтай және Самар аудандарында орналасқан 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері жұмылдырылған. Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде, теледидар мен радиода тұрақты түрде түсіндіру роликтері жарияланып, үгіт-насихат парақшалары таратылуда. Құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау