Gusto мейрамханасы 21 желтоқсанда мейрамханада орын алған жағдайға байланысты ішкі тексеру жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Мейрамхана таратқан ақпаратқа сәйкес, тексеру нәтижесі бойынша сервис стандарттары мен корпоративтік коммуникация талаптарына сай мейрамхана әкімшісінің қызметін тоқтату туралы басқарушылық шешім қабылданған.
Аталған шешімнің тек ішкі шара екені және оқиғаға қатысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейтіні атап өтілді. Оқиғаға байланысты одан әрі қарау заңнамада белгіленген тәртіппен тараптардың өзара қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ Gusto мейрамханасы қонақтармен қарым-қатынаста әрдайым сыйластық пен әдептілік қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеді. Қандай жағдай болмасын, дөрекі немесе орынсыз сөйлеу тәсіліне жол берілмейтіні және мұндай әрекеттердің сервис стандарттарына қайшы келетіні айтылды. Осыған байланысты ішкі регламенттер күшейтіліп, қызметкерлермен қосымша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мейрамхана өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін құрметтейтінін және қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетілетінін жеткізді.
Gusto мейрамханасы орын алған жағдайдың қоғамда теріс пікір тудырғанына өкініш білдіріп, көрсетілген түсіністік пен кері байланыс үшін қонақтарға алғыс айтты.