Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңынан табылған доллар купюралары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оқиға орнына барған журналист «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың үйі мен ұлттық компаниялардың кеңселері бір-біріне жақын орналасқанын айтты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Журналист елордадағы сол жағалаудан арнайы репортаж жасап, ақша шашылған аумақты көрсетті. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының бас кеңселері осы маңда орналасқан.
«Ал күдікке ілінген «Самұрық-Қазынаның» басшысы Нұрлан Жақыповтың үйі кеңсесінен шамамен 300–400 метр қашықтықта орналасқан», – деді журналист.
Ол Астанадағы тосын оқиғаны ерекше сипаттап, тұрғын үй кешенінің жанында әлі де чемодан сынықтары жатқанын мәлімдеді.
«Астаналықтар аспаннан қар жауады деп күтіп отырғанда, керісінше, доллар жауды. Чемодан-чемодан толы ақша дәл осы жерге шашылған. Қазір көрсетейін, чемоданның сынықтары оқиға болған жерде әлі шашылып жатыр», – деді ол.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астананың Қонаев көшесіндегі Atlant тұрғын үй кешенінің маңында АҚШ долларына ұқсас купюралар мен бірнеше чемодан жатқан бейнежазбалар тараған болатын. Оқиға туралы полицияға хабарлама түсіп, аумаққа тәртіп сақшылары барған. Алайда ақшаның нақты сомасы, түпнұсқалығы және кімге тиесілі екені әзірге ресми түрде анықталған жоқ.
ҰҚК екі ірі компания басшысының ұсталғанын растады
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде хабарлады. Ведомство мәліметінше, 11 қараша күні екі басшы және өзге де тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҰҚК қылмыстық істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын мәлімдеді. Айта кетейік, Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылғы сәуірден бастап басқарған. Ал Елжас Отыншиев ҚТЖ басшылығына 2026 жылғы шілдеде тағайындалған. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен анықталады.