Жетісу облысының Текелі қаласында күйеуінің өліміне қатысты айыпталған көпбалалы ана Лидия Шлегель бостандыққа шықты. Сот оның әрекетін қажетті қорғаныс шегінен шығу деп саралап, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда әйел рақымшылыққа ілінген, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Облыстық соттың мәліметінше, бастапқыда әйелге қатысты іс адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қаралған. Алайда сот талқылауы барысында қылмыстың саралануы өзгертілді.
Нәтижесінде Лидия Шлегельдің әрекеті қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу деп танылды. Бұл – Қылмыстық кодекстің 112-бабының 2-бөлігі.
Сот әйелді кінәлі деп танып, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үшін бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Алайда 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Оқиға 2026 жылғы 10 маусымға қараған түні Текелі қаласындағы жеке үйлердің бірінде болған. Сол түні пышақ жарақатынан 45 жастағы ер адам көз жұмды. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен жұбайы ұсталған.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әйелді қолдаған жазбалар көбейді. Отбасының көршілері мен таныстары Лидия Шлегельдің ұзақ жылдар бойы күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Әйелдің мүддесін «НеМолчи» қоры да қорғаған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.