$ 444.76
€ 495.37
₽ 5.37

«Бұрын шабақтар ұсталса, бүгін екі акула ауға түсті»: Нұртөре Жүсіп ірі компания басшылары туралы пікір білдірді

Редактор
12.11.2026, 20:07
Автордың ФБ парақшасынан
Автордың ФБ парақшасынан
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі «Заң мен тәртіп» қағидатына тоқталды

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшыларына қатысты жағдайға пікір білдірді. Ол жемқорлықпен күрес, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі және қоғамдағы заң үстемдігі мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатына тоқталып, ірі компаниялардың басшыларына қатысты құқық қорғау органдарының әрекетін осы ұстаныммен байланыстырды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “ Заң мен тәртіп” деген қағидатты берік ұстана бастады. Бүгін Самұрық пен ҚТЖ секілді алпауыт компания басшыларының құрыққа ілінуі - соның айқын дәлелі. Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті. Ақ-қарасын тергеп-тексерушілер анықтай жатар. Бізді осындай қаржылық мекеме басшыларының көзсіз әрекеті ойландырады. “Самұрық-Қазына” Ұлттық қордың қаржысына иелік етеді. ҚТЖ - мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекет тәрізді құрылым. Мұндай қадамға неліктен барды? Күнкөрісі төмен бе? Айлықтан бөлек бір ғана жылдық бонусы пәлен мұғалім мен түген дәрігердің жылдық табысын бірнеше есе орамай ма!?.», – деп жазды ол.

Қоғам қайраткері өз жазбасында жоғары лауазымды тұлғалардың қаржылық мүмкіндіктері мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне де назар аударды. Оның пікірінше, жемқорлық пен қанағатсыздық мемлекеттің дамуына кері әсер етіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді. Нұртөре Жүсіп заң алдындағы жауапкершілік лауазымына немесе қызметтік мәртебесіне қарамастан баршаға бірдей болуы керектігін атап өтті.

«Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, жауапсыздық, жұлымырлық пен жемқорлық мемлекеттің іргетасын ірітіп, шірітетінін біле тұра, осындай жойқын жемқорлыққа не үшін барып жатыр? Неге тоқтам жоқ? Президент ұстанымы дұрыс. Заң бұздың ба: Арыңмен де, Барыңмен де жауап бер! Таза қоғам құру үшін тазалану керек-ақ! Жұртқа керегі - жүйелі тәртіп!» – деп жазды Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желіде.

Осылайша, ол ірі компаниялардағы басшылық жауапкершілігі мен жемқорлықтың алдын алу мәселесін көтеріп, қоғам үшін заң талаптарының бірдей қолданылуы маңызды екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау