Бүгін Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен Қайтарылған активтерді басқару компаниясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне бірегей тарихи-мәдени құндылықтар берілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сақ дәуіріне жататын бұл артефактілер – ежелгі көшпелілердің шеберлігін паш ететін зергерлік өнердің озық үлгілері.
Мамандар мен сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл – бұйымдардың тарихи, мәдени және ғылыми маңызы өте жоғары және олар Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы үшін ерекше құндылық.
Зергерлік бұйымдар б.з.д. VII ғасырдан бастап б.з. III ғасырына дейінгі уақытты қамтиды және дала өркениеттеріне тән скифтердің аң стилінде жасалған. Бұл көркемдік стиль грек, парсы және көне қытай мәдениеттерінің ықпалын көрсетіп, Ұлы Даланың өзіндік эстетикасымен үйлесім тапқан. Тапсырылған артефактілер қатарында қыранның бас бейнесіндегі металл мүсіні, араб жазуы бар сақина, мүйізді жануар бейнеленген пластина, қанатты арыстан, жылқы және барыс мүсіндері, сондай-ақ 15 монета мен шиыршық тәрізді бұйымдар бар. Бұйымдар ежелгі соғу, бедерлеу және гравюралау техникасын қолдану арқылы жасалған. Артефактілердің жалпы салмағы 118 грамнан асады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған мәдени құндылықтардың қайтарылуы активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр.
Алдағы уақытта бұл артефактілер Қазақстанның ежелгі тарихының бірегей куәгерлері ретінде Ұлттық музейдің топтамасында орын алып, жұртшылық назарына ұсынылатын болады.