$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

«Самұрық-Қазына» ісі: «Қазатомөнеркәсіптің» топ-менеджері ұсталды

Редактор
25.11.2026, 11:51
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және бірқатар өзге тұлғаны ұстады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілер 2026 жылғы 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді», – деп мәлімдеді ведомство.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша (аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді. Сонымен қатар 24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының директорлар кеңесі өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікті ретінде ұсталған болатын. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берді.