Мәдениет

 «Салтанат» би ансамбліне 70 жыл: осыған орай ұйымдастырылған би керуені  оңтүстіктен бастау алды

17:53, 11 маусым 2025 104

Түркістан мен Шымкент қалаларында «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған кеш өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Балет артистері мың бұрала билеп, қазақ халқының және әлем халықтарының биін асқан шеберлікпен орындады.

Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, би ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бірқатар маман алғыс хатқа ие болды. 

Биыл «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне 70 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай алғаш рет «Би керуені» атты жоба еліміздегі ең көне әрі тарихи, мәдени тұрғыдан аса маңызды орын алатын киелі Түркістан қаласынан бастау алды.  Көрермендер ерекше әсерге бөленіп, өнер ұжымына құрмет-қошемет көрсетті.

Ансамбльдің балет артистері гастрольдік сапар кезінде Түркістан қаласының  тұрғындарымен әлемге әйгілі әнші, ҚР халық әртісі Димаш Құдайбергеннің ақын Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған, жуырда ғана бейнебаяны жарыққа шыққан «Тау ішінде» әніне флешмоб түсірді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.  Ансамбль өскелең ұрпаққа ғажайып өнер арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардың ұлттық патриоттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді.

Айта кетейік, «Би керуені» жобасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Түркістан қаласынан 200, Шымкент қаласынан 100-ден аса хореограф шеберлік сағатына қатысты.

Әр қатысушыға тегін сертификат табысталды. Бұл жоба күзде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірінде жалғасын табады.  

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз