Әлеуметтік желіде сәбиін құшағына қысып, курьерлік қызмет атқарып жүрген жас ана көпшіліктің назарын аударды. Бірнеше күн бойы қызу талқыланған келіншек Алматыдан табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Желіде тараған суретте әйелдің бір қолында сәбиі, арқасында тапсырыс жеткізуге арналған үлкен сөмкесі болған. Бұл көрініс қазақстандықтардың жүрегін елжіретіп, көпшілік оның тағдырына алаңдаушылық білдірген.
Жас ананы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтін Алмат Несіпқалиев кездейсоқ байқап қалған. Оның айтуынша, алғашында әйелдің қолындағы нәресте шынайы бала екеніне күмәнданған. Алайда жақындап сөйлескен кезде сәби небәрі бірнеше айлық екенін білген.
Келіншектің айтуынша, отбасында отағасы болғанымен, оның табысы күнкөріске жеткіліксіз. Сондықтан жас ана сәбиін өзімен бірге алып жүріп, тапсырыс жеткізуге мәжбүр болған.
Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған Алмат Несіпқалиев сол күнгі тапқан табысын толықтай әйелге беріп, оған демалып, баласына көңіл бөлуге кеңес берген.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларын қиын жағдайға тап болған отбасыға қолдау көрсетуге шақырды. Қазіргі таңда жас ана туралы ақпарат кең тарап, оған көмектескісі келетін азаматтардың саны артып келеді.