Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейді - Тоқаев
Мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Bairaqmedia.
Ақорданың мәлімдеуінше, мемлекет басшысы әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.
Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, деді Президент.
Сондай-ақ, Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын тек дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін айтты. Өйткені, соғыс қос тарапты да жойып тынады.
Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, деді Президент.