2026 жылғы 15 наурызда Республикалық референдум аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «Референдум – 2026» онлайн марафоны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, жастар белсенділігі, жаңа технологиялар, креативті индустрия, спорт және әлеуметтік тақырыптар кеңінен талқыланды.

Марафонда бес негізгі алаң жұмыс істеді. Басты сахнада қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен танымал тұлғалар негізгі пікірталас өткізді.
Ток-шоу алаңында білім беру, креатив индустрия, цифрландыру, жасанды интеллект және жастар мәдениетіне қатысты өзекті тақырыптар талқыланды. Инновация алаңында алғаш рет жасанды интеллект жобалары, роботтар, отандық стартаптармен IT өнімдер көрсетіліп, голограмма шоу арқылы ЖИ бағытындағы жаңа бастамалар көрермен назарына ұсынылды.
Орталық коммуникациялар алаңында республикалық референдумның өту барысына қатысты ресми органдар өкілдерімен сарапшылар әр екі сағат сайын тікелей эфирде пікір білдірді.
Ал экспресс-камера алаңында журналистер қатысушылармен көрермендерден блиц-сұхбат алып, азаматтардың шараға қатысты көзқарасы, көңіл-күйімен, азаматтық ұстанымын жеткізді.
Марафонның ерекше бөлімі инновация алаңы алғаш рет ұйымдастырылып, жасанды интеллект, робот техникасы және отандық стартап жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл алаңда Aleem ағылшын тілін үйрету қосымшасының авторы, адам ағзасына салынуы мүмкін механикалық жүрек, ДЦП диагнозы бар адамдарға арналған арнайы арба, майтабан диагнозын анықтайтын «ақылды» ұлтарақ секілді жобалар таныстырылды.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіруге арналған роботтары және автономды жұмыс істейтін робот иттер, шахтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Mainsafe» смарт-қолғап сияқты жаңашыл шешімдер көрсетілді.
Ток-шоу алаңына мемлекет және саясат қайраткерлері, сарапшылар мен қоғам белсенділерін жинады.

Қатысушылар мен көрермендер үшін маңызды тақырыптар талқыланды. Олардың қатарында Қазақстандағы жасанды интеллекттің дамуы, киберспорт, инклюзивті қоғам, әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігі, креативті индустрия, патриотизм және волонтерлік секілді өзекті мәселелер болды.
Халықаралық байланыс аясында АҚШ, Ресей, Бельгия, Қытай, Түркиядан және еліміздің аймақтарынан меншікті тілшілер тікелей қосылып, қазақстандықтардың референдумға қатысу барысы мен халықаралық аудиторияның пікірін жеткізді.
Онлайн марафон отандық бұқаралық ақпарат құралдарының YouTube, Facebook, Instagram, TikTok, Telegram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей көрсетілді. «Референдум – 2026» арнайы Telegram арнасы да жұмыс істеп, көрермендер шараның онлайн нұсқасына қосылды.
Наурызнама онкүндігінің бірі – Қайырымдылық күні аясында, «Қайырымды жан» номинациясының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында: Ақмола облысы Үлгілі ауылының тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев өрт кезінде бес баланы аман алып қалып, адамға жанашырлық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүрген экоактивист Тимур Хасенов Алма-Арасан аумағында апта сайын сенбілік ұйымдастырып, үш жыл ішінде 22 тоннадан аса қоқыс жинаған. Ал, Павлодар облысының тұрғыны Бауыржан Жақыпов қос аққуды құтқарып, жануарларға деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп, әлеуметтік желі қолданушыларыныңық ыласына бөленді.
Онлайн марафон шарасына екі мыңнан аса адам қатысты. Олардың қатарында саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, өнер және спорт өкілдері, жас ғалымдар мен өнертапқыштар болды. Еліміздің негізгі 3 мегаполисі, 17 өңірінен 168 аудан, 86 қала референдумға арналған ауқымды марафонды онлайын тамашалады. Жаңа Конституцияны қолдап, 10 миллионнан аса азамат дауыс берді.
Бұл рекордтық көрсеткіш. Соның ішінде шет мемлекеттерде жүрген 10 мың адам дауыс беруге қатысқан.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының пресс-орталығы сайлау учаскелері бойынша барлық ресми ақпараты жүйелі түрде жариялап отырды. Ал республикалық референдум аяқталған соң, онлайн марафонда алғашқы exit-poll мәліметтері жарияланды.
«Референдум – 2026» онлайн марафоны қоғамдағы маңызды тақырыптарды талқылауға, азаматтық пікір алмасуға және еліміздегі инновациялық жобаларды көрсетуге арналған ауқымды ақпараттық алаң болды.