Аймақ

Қызылорданы ыстық сумен жабдықтауға 5 млрд теңге бөлінді

10:06, 10 сәуір 2025 60

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қызылорда облысының бюджетіне ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен нысаналы трансферттер түрінде шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бүгінде Қызылорда – орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы.

Қаладағы көп қабатты үйлер электр жылыту немесе газ жылыту құрылғылары арқылы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда өңірге жұмыс сапары барысында қаланы 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Жалпы құны 26,2 млрд теңге болатын тиісті жобаны екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші кезеңде – 2024 жылы 187 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталса, екінші кезеңде – биыл 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылады.

2024 жылы бірінші кезеңге Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.

Аталған қаулы негізінде Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге биыл екінші кезеңнің бірінші кезектегі жұмыстары үшін пайдаланылады.

Осылайша, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қызылорда қаласының 423 көп қабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз