Бүгін сағат 15:00 шамасында Қызылорда облысында KAZ-06 автожолының 1629-шақырымында (Қармақшы ауданы, «Қорқыт Ата» кешені маңы) ірі жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, көлік жүргізушісі Қызылорда – Ақтөбе бағытында келе жатып, SITRAK маркалы жүк көлігімен жаяу жүргіншілер көпірін соғып кеткен, салдарынан көпір толықтай қираған. Апат жүргізушінің ірі габаритті жүкті тасымалдау ережелерін бұзуы салдарынан болған.
Ұлттық компания оқиға орны II техникалық санаттағы түзу, құрғақ жол болғанын атап өтті. Жолдың беті жақсы күйде, жол белгілері мен сызықтары талапқа сай орналастырылғанына да назар аударылды.
Құрметті жүргізушілер! Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жүктің өлшемдері мен бекітілуін мұқият тексеріп, маршрут ережелері мен техникалық талаптарды сақтаңыз әрі жол белгілері мен шектеулерге назар аударыңыз, – деп қосты «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ өкілдері.