Саясат

Қазақстанның ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді

15:22, 05 қараша 2025 13

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан барлық жұмысты реттейтін бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеуді ұсынған еді.

Президент бұл идеяны қолдап, оның мемлекеттік құрылымдар жұмысын жүйелендіруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.

Президент Әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдар мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын, сөйлеген сөздерін, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып, "Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары" құжатын дайындаған.

Тұжырымдамалық құжатты әзірлеуге Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсене атсалысқан.

Аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру.

Онда "Заң және тәртіп", "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт", "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" секілді ішкі саясат қағидаттары қамтылған.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізілген. Жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалған.

Құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған. Қабылданған тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыруға негіз болады.Қазақстанның ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз