Аймақ

Алматы облысы Жамбыл ауданында оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі қалай шешіліп жатыр?

18:10, 05 қараша 2025 26

Алматы облысы Жамбыл ауданында оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі бір ізге қойылған, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Оқушыларды мектепке жеткізу – білімнің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі, әсіресе ауылдық елді мекендер үшін аса маңызды. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындар үшін бұл мәселе ерекше мәнге ие, себебі ең жақын мектепке дейінгі қашықтық кейде бірнеше шақырымды құрайды.

Бұрынғы жылдары балаларды мектепке жеткізу мәселесі өзекті болған. Көптеген оқушылар мектепке жаяу немесе кездейсоқ көліктермен, кейде ауа райының қолайсыз жағдайында баруға мәжбүр болды. Бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерді – мемлекет білім алуға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударып, мектепке тасымалдауды жүйелі және тұрақты түрде ұйымдастырып отыр.

Жамбыл ауданында барлығы 65 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 51-і – орта, 6-ы – негізгі және 8-і – бастауыш мектеп. Аудан аумағының кеңдігі мен кейбір ауылдардың шалғай орналасуын ескере отырып, орта мектебі жоқ елдімекендердің оқушылары көрші ауылдарға жеткізіледі.

Аудандық білім бөлімі бас маманы Светлана Сүлейменованың айтуынша, бүгінде оқушыларды тасымалдау 12 мектепте ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 13 автобус жұмылдырылған, олармен күн сайын 264 бала мектепке барып келеді.

Мектеп автобустары оқушыларды тек ауылдық округтерден ғана емес, бау-бақша аумақтарынан да тасымалдайды. Мысалы, Үлкен ауылының мектебіне күн сайын «Энергетик» бау-бақша серіктестігінен 9 оқушы келеді, ал Қасымбек ауылындағы мектепке «Тұрар» аумағынан 25 бала қатынайды. Бұдан бөлек, өз ауылында мектеп жоқ балалар Күтпанбетұлы атындағы мектепке (21 оқушы), Қарасай негізгі мектебіне (30), Танбалытас (10) және Сұңқар (41) ауылдарының мектептеріне жеткізіледі. Үмбетәлі ауылындағы мектепке Шолаққарғалы ауылынан 22 оқушы келеді, онда тек негізгі мектеп жұмыс істейді.

Оқушыларды тасымалдауға қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін заманауи Golden Dragon маркалы автобустар пайдаланылады. Барлық балалар тек отыратын орындарда жеткізіледі, жол қауіпсіздігі мен тәртіпті сынып жетекшілері бақылайды.

Ата-аналар мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіруде. 

«Балаларым үшін көңілім тыныш. Автобус таза, жылы, техникалық жағдайы жақсы, жүргізуші де тәжірибелі әрі мұқият», – дейді Шиен ауылының тұрғыны Әйгерім Абдуахатова.

 

«Балаларды тасымалдау жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантады. Біз, ата-аналар, балаларымыздың заманауи автобустармен қауіпсіз жүріп-тұрғанын көріп отырмыз. Жүргізушілер де жол ережелерін қатаң сақтайды. Мемлекетке өсіп келе жатқан ұрпаққа деген қамқорлығы үшін алғыс айтамыз», – деп атап өтті тағы бір ата-ана.

Қазіргі таңда мектепке тасымалдау жүйесі – сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Осындай шаралардың арқасында әр бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ел болашағына мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың айғағы.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз