Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Бас ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джумурбаев Тимур Ғабдұлұлының қатысуымен «Студенттік Ассамблея» мүшелерімен және белсенді жастармен маңызды кездесу өтті, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Кездесу жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, патриоттық тәрбие мен этносаралық келісім құндылықтарын насихаттау, көшбасшылық қабілеттер мен қоғамдық жауапкершілікті дамыту мәселелеріне арналды.

Тимур Ғабдұлұлы өз сөзінде қазіргі жастардың қоғам өміріндегі шешуші рөлін атап өтіп, әрбір жас азаматтың ел дамуына қосар үлесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Еліміздің болашағы тікелей жастарымыздың бастамашылдығы мен жауапкершілігіне байланысты. Әрбір жастың мықты Қазақстанды құрудағы әлеуетін сезінуі маңызды», — деді «Ассамблея жастары» басшысы.

Диалог барысында бірқатар өзекті бағыттар бойынша белсенді пікір алмасу ұйымдастырылды:
- Жастар саясатын іске асыру.
- Ұлтаралық келісім және толеранттылық мәселелері.
- Жастар бастамаларын қолдау тетіктері.



Іс-шара барысында негізгі назар практикалық ұсыныстарға аударылды. Студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері жаңа идеяларын ұсынып, Жетісу өңірінде жүзеге асыруға болатын бірлескен жобалар жөнінде нақты ұсыныстар білдірді.
Бұл кездесу жастардың ел болашағына деген сенімін нығайтып, жаңа бастамалар мен тың идеяларға жол ашқан тиімді диалог алаңы болды.
