Президент жанынан Ядролық энергетика агенттігі құрылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Президент қазақстандықтардың референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып бергенін еске салды. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.
Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өтті.