Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр баспасөз мәслихатында ҚТЖ-дағы дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде теміржол қызметіндегі басшының қызметкерлерімен онлайн-жиын кезінде бейәдеп сөздер қолданған сәті түсірілген бейнежазба тарап, ел арасында қызу талқыланған болатын.
Видеода компания басшысының орынбасары Асан Умбетов пойыздың бір жарым сағатқа кешігуіне байланысты әріптестеріне қатты сөйлеп, бейәдеп мінез көрсеткен сәтін көруге болады.
Склярдың айтуынша, Асан Умбетовпен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ол өз қателігін мойындап, жұмысын әрі қарай жалғастырады.
«Өкінішке қарай, мұндай жағдай расымен де болған. Әрине, этиканы сақтау міндетті болуы керек. Бірақ, Нұрлан Ермекұлы (Сауранбаев, көлік министрі – еск.) айтқандай, ҚТЖ - күрделі құрылым. Онда ең бастысы қауіпсіздік. Менің білуімше, ол теміржолшымен әңгіме жүргізіліп, ол бәрін түсінген. Оның жұмысын жалғастырғаны дұрыс деп ойлаймын», - деді Скляр.