Шоу-бизнес әлемі

«Қарақатың қайда?»: Қыдырәлі Болманов өзіне қатысты желідегі даулы видеоға түсінік берді

10:00, 07 қараша 2025 353

Продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болманов өзіне қатысты жасанды интеллект арқылы жасалған жалған видеоға жауап берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Желіде тараған даулы бейнежазбада Қыдырәлі Болмановқа ұқсайтын адамның жас қызбен құшақтасып, сүйісіп тұрған сәті көрсетілген. Өнер иесі бұл видеоның шындыққа жанаспайтынын айтып, “мен емеспін, бәрі өтірік” деп мәлімдеді.

Ол сондай-ақ мұндай фейк контенттің адамдардың беделіне зиян келтіретінін айтып, қоғамды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі!
Тағы не жасайды екен мына “белгісіздер”?..

Асыл әжем мынаны көрсе, ойлaнбастан ақ таяғын алып:
“Әй, қарақатың қайда?” – деп,
мені тұра қуушы ма еді?..

Бұл шығарманың “жасанды интеллект”,
мына видеонының өтірік екенін ол кісіге еш түсіндіре алмас едім…

Сол сияқты, айналайын апа-әжелерім,
“Мынау не масқара?” – деп қалмаңыздар…
Бұл мен емеспін! Құдай сақтасын!
Жасымыз мыңға келгенде өте ыңғайсыздау екен...
Әсіресе Алла бере салғандарым көріп қойса?..
Үлкендері түсінер, осы заманның балалары,
ал кішкентайларыма ше?..

Қорқыныштысы – “ИИ” барған сайын дами бермек.
Мына видеода мен емес екенім көрініп тұр,
Құдайға шүкір!

Бара-бара айнытпай жасайтын кез келгенде,
күніміз не болар екен?..
Бұл әлі бәйшешегі ме деп сескенемін.

Инстаграм пайда болғалы парақшасына “подписчик” жинап,
қаралымын көбейту үшін ештеңеден тайынбайтын тобыр көбейді.
Әркімге жала жауып, өздеріне бәле тілеп,
өз қазағын өзі жұлып жеп,
қараптан-қарап қаралап, күйе жағып жүретін,
ар-намыстан жұрдай,
Алладан қорықпайтын
жала-жапқыш,
пікір-айтқыш,
мін-таққыш –
барар жері белгісіз...

Бір көш келе жатыр-ау, көсемі көп,
тұлпары жоқ бұл көштің есегі көп.
Қанағатсыз, тойымсыз пәс пенделер,
аларың көп, қайтейін, есебі жоқ.

Бір көш кетіп барады – батыры көп,
балтасы бар қолында, ақылы жоқ.
Қайда кетіп барады-ау, қайран заман,
мадақ айтқан қасында ақыны көп...

Бір көш келе жатыр-ау, түйесі көп,
белгісіз мына көштің иесі жоқ.
Бір сөз кетіп барады желмен ұшып,
киесі жоқ, тыңдайтын жүйесі жоқ...» – деп жазды Қыдырәлі.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз