Танымал әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia. kz.
Өнер иесі Revuenews арнасына берген сұхбатынан кейін айтылған сындарға жауап берді.
Мөлдір Мұқанованың айтуынша, ол өз сөзінде әйелдер мен ерлерді бөліп-жаруды мақсат етпеген. Әнші сұхбат барысында тек қоғамдағы өз көзқарасын білдіргенін атап өтті.
“Мен тек өз басымнан өткен жағдайларды айтып өттім. Мен еркектерге қарсы шықсын, әйелдер мен еркектер екіге бөлінсін деген арам ниетім болған жоқ. Мұндай ойдан аулақпын”, – деді ол.
Сондай-ақ әнші отбасы арқылы хайп жасауға түбегейлі қарсы екенін айтты.
“Мен өмірде хайп, хейт деген нәрсені жөк көремін, тіпті шаршағанмын десем де болады. Отбасылық тақырыпты хайп ретінде касса жинасын немесе халықты дүр сілкіндірейік деген оймен жасау – үлкен қателік. Халықтың неге бұлай қабылдап жатқанын білмеймін. Мен ешкіммен жарыспаймын, әркімнің өзінің бағына, ниетіне қарай табысы түседі. Фильмім қандай касса жинаса да, мен разымын. Осындай депрессия уақытында мені одан әрі өмір сүруге жетелеген жоба. Осы сәтке сөйкес болып қалды”, – деді ол.
Мөлдір Мұқанова сұхбат бермес бұрын Тұрсынбек Қабатовтың ойын білгісі келгенін жасырмады. Алайда әзілкеш жауап бермеген көрінеді.
“Сұхбатқа барардың алдында Тұрсынбек мырзаға жаздым. Ол кісіден кері жауап болған жоқ. Алдынан өттім десем де болады. Ары қарай бұл дүнеиені сақтап жүру мүмкін болмады, өйткені мені талап жатыр.Бұл дүние менің басымнан ғана өтіп жатқан жоқ. Ажыраспаймын дегеннің нағыз ұранын ұстаған адам мен болармын, бірақ басқа түскен тағдырға көнеді екенсің. Барлық айтқаным рас, шындық болғандықтан, өкінетін тұстарым болған жоқ. Керісінше, айтуым керек еді деген сәттер болды. Бірақ ол да дұрыс, себебі кейбір ақпаратты балалардың білмегені де жөн”, – деді ол.
Продюсер Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желіде бұрынғы күйеуінің “балаларды ешқашан бұғаттамадым” деген сөзіне жауап берді.
Бұған дейін өнер иесінің “Өтірік” атты жаңа туындысы жарық көріп, желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызған еді.
Пікір жазғандардың бірі әнші Тұрсынбек Қабатовты меңзеп, “ол өз парақшасында балаларды бұғаттамағанын айтты” деп жазды.
“Әннің атауы – сұрағыңызға жауап”, – деп түйіндеді Мөлдір Мұқанова.