Қоғам

Қаңтар оқиғасын еске салған кездесу: Қазыбек Иса Назарбаевтың Мәскеуге баруын сынға алды

17:03, 29 желтоқсан 2025 26

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде кездесуі қоғамда орынды алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты, деп хабарлайды агенттік.

Депутаттың айтуынша, бұл кездесу төрт жыл бұрынғы оқиғаларды еске салады. Ол 2021 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербургте өткен Назарбаев пен Путиннің жүздесуінен кейін араға бір апта салып Қазақстанда Қаңтар оқиғасы басталғанын еске салды.

Қазыбек Иса экс-президенттің Қаңтар қасіретінен кейін қайта-қайта Мәскеуге баруын қоғамның бір бөлігі теріс қабылдап отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік желілер мен ақпарат кеңістігінде бұл кездесудің ел қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындатуы заңды.

Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын экс-президентке қатысты айтқан «Кеттің бе – қайрылма» деген сөзінің халық арасында кең қолдау тапқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл ұстаным қалың елдің ескі билікке деген көзқарасын айқын көрсетеді.
Қазыбек Иса Қаңтар оқиғасына байланысты Парламентте бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдағанын да еске салды.

Атап айтқанда, 2022–2023 жылдары Қаңтар қасіретінің себептері мен ұйымдастырушыларын анықтау, сондай-ақ құрбандарға әділ құқықтық баға беру қажеттігін көтерген.

Депутат ел қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталып, мемлекеттік құпияға қанық бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңмен реттеу қажеттігі туралы бастаманы қолдайтынын айтты.

Оның сөзінше, мұндай шара ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар Қазыбек Иса Қаңтар оқиғасынан кейін «Ескі Қазақстанды» аңсауға жол бермеу үшін сол кезеңге тікелей қатысы бар тұлғалардың барлығы заң алдында жауап беруі қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғам әділдік пен нақты шешімдер күтеді.

Депутат пікірінше, «Елбасы» атауы барлық заңнамадан толық алып тасталуы керек, ал бұрынғы жүйенің идеологиялық және саяси ықпалына тосқауыл қойылуы тиіс.

Қазыбек Иса елде әділеттілік қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру барша азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз