“Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісіне қол жұмсады деген айыппен атына қылмыстық іс қозғалған Мұқасан Шахзадаев көпшіліктің алдына қайта шықты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
9 желтоқсанда Алматыда ақын Олжас Отардың “Ауырмайды жүрек” атты шығармашылық кеші өтті. Әдебиет пен музыканы тоғыстырған бұл шарада қазақ эстрадасының танымал әншілері бір сахнада бас қосты.
Кеш барысында Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Қайрат Нұртас, Қанат пен Света, Тоқтар мен Бейбіт, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов және Абай Бегей өнер көрсетті. Сондай-ақ сахнаға Мұқасан Шахзадаевтың да көтерілгені көрінді.
Ақын Олжас Отар Instagram-парақшасында Шахзадаевтың сахнада ән айтып тұрған видеосын бөлісіп, жұрт назарына ұсынды.
Ал Досымжан Таңатаров өз сторисінде Мұқасанмен түскен суретін жариялап, желі қолданушыларының назарын аудартты.