$ 464.02
 536.18
 5.54

Полицейге тап берген мас әйел: Ақмола облысында қызметкер жарақат алды

Редактор
17.08.2026, 10:35
polisia.kz
polisia.kz
Степногорскіде мас әйел полицейге шабуыл жасап, беті мен мойнын тырнап тастаған

Степногорскіде шақыртуға барған полиция қызметкеріне мас әйел шабуыл жасап, оның беті мен мойнын тырнап тастаған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Оқиға 15 тамызға қараған түні сағат 00:30 шамасында болған. Сол уақытта Степногорск қаласының полиция басқармасына тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде қатты музыка қойылып, шу болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Шақырту орнына автопатруль барған.

Полицейлер мекенжайға келген кезде пәтерден қатты музыка естілген. Есікті 40 жастағы әйел ашқан. Полицияның алдын ала мәліметінше, ол мас болған.

Патрульдік полиция қызметкерлері әйелден музыканы өшіруді талап етіп, медициналық куәландырудан өтуді ұсынған. Алайда әйел бұл талаптан бас тартып, полицейлерді балағаттап, агрессия танытқан.

Жанжал пәтерден тыс жерде де жалғасқан. Әйел алдымен полиция қызметкерлерінің бірін итере бастаған. Кейін ол подъезге жүгіріп шығып, полицейге шабуыл жасап, оның беті мен мойнын тырнап тастаған.

Оқиға сәтін патрульдегі екінші полиция қызметкері бейнекамераға түсіріп алған.

Полиция мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында тиісті процессуалдық шаралар қабылданады.