Павлодарда психикалық ауытқуы бар ер адам жасөспірімге шабуыл жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға 19 наурызда болған. Шизофренияға шалдыққан адам үйіне жақындаған мектеп оқушысының соңынан түскен. Оның бұл әрекеті есік алдындағы бейнекамераға түскен.
«Ұлым 16:00-де мектептен қайтып келе жатқан еді. Ер адам оны аулада қарсы алып, соңынан ілескен. Кіреберіске кіріп, баланы бірінші қабатта ұстап алып, күшпен ұстап тұрып жібермеген», – дейді баланың анасы.
Оның сөзіне қарағанда, сол кезде Ерлан атты курьер кіріп қалып, балаға араша түскен. Аутқуы бар адам тайсалмай, баланы өзінің ұлы екенін айтқан. Ерлан оны әрең қуып жіберген.
«Ұлым қатты қорқып, үйге жылап кірді. Ерлан кіреберіске кірмегенде не боларын ойлаудың өзі қорқынышты», – дейді анасы.
Қазір ауытқуы бар адам ұсталды. Сот оны арнайы медициналық мекемеге жіберуге үкім шығарған.