Қоғам

«Осы қалпым өзіме ұнайды»: Дана Нұржігіт бет пен бөксеге ота жасайтындарды сынға алды

11:15, 21 қаңтар 2026 134

Танымал тележурналист Дана Нұржігіт пластикалық отаға қатысты көзқарасын білдіріп, беті мен бөксесіне ота жасататын қыз-келіншектерді сынға алды. Бұл туралы журналист Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Дана Нұржігіттің айтуынша, жуырда оған бір клиника хабарласып, абдоминопластика мен глютеопластика отасын тегін жасап беруді ұсынып, оның орнына жарнама жасауды сұраған.

«JLO деген мен емес, мен – Данамын! Жақында маған бір клиника абдоминопластика мен глютеопластика отасын тегін жасап береміз, жарнама керек деген өтінішпен хабарласты. Яғни ішіңізді тартып береміз, ал бөксе жаққа өз майыңызды құйып беріп JLO қыламыз дегені ғой», – деп жазды ол.

Журналист бұл ұсынысқа алғашында абдырап қалғанын айтады. Оның сөзінше, мұндай оталар көпшілікке оңай көрінгенімен, өзі үшін бұл – ағза мен денсаулыққа қауіп төндіретін, мәжбүрліктен емес, адамның өз қалауымен жасалатын тәуекел.

«Мен ондай тәуекелге, яғни пышаққа өз қалауыммен түсуді ойламаппын да. Менің қатарластарым, өзімнен кіші буын медиа-адамдары жасап жатқанда, қазір визуал заманы екенін түсініп, осы қадамға барып жатқанын ұғамын. Жөн-ақ! Өз беті, өз еркі», – дейді ол.

Сонымен қатар тележурналист өзіне «бетіңізде уақыт ізі біліне бастапты, салбыратпай, қазір-ақ ота жасатып тастамайсыз ба» деп астарлап айтқандар да болғанын жеткізді.

Дана Нұржігіт қазақ зиялыларының бейнесін мысалға келтіріп, табиғи қарттықты қадірлейтінін атап өтті.

«Мен Бибігүл Төлегенованы, Жәния Әубакірованы, Рәбиға Сыздықованы, әсіресе Рәбиға апайды үрленген ерін, тартылған бетпен жып-жылтыр қалпын көзге елестете алмаймын. Мен, Алла қарттық берсе, Рәбиға апайдай қартайғым келеді», – деп жазды ол.

Журналист дені сау жүріп, отаны өз еркімен жасатудың салдары болуы мүмкін екенін де еске салды.

«Сау жүріп, отаны сұрап алғанда артық қылам деп тыртық қылып қойса ше?! Денсаулығың құрып, наркоздың жадыға әсері, балаң қобалжып, абыржып қалады ғой!» – дейді ол.

Оның пікірінше, мұның бәрі сырттан таңылатын стандарттар мен маркетингтің әсері.

«Бәрі мына мидан! Біреудің санамызға құйып жатқан стандарттары, маркетинг! Ал, жеме-жемге келгенде сенің біреуге арбалғаның, оның пұл тапқаны», – деп түйіндеді тележурналист.

Жазбасының соңында Дана Нұржігіт эйджизмге жол бермеуге шақырып, өзін қалай бар, солай қабылдауды сұрады.

«Осы қалпым өзіме ұнайды. Сізге ше? Әйел сұлулығы, денсаулығы туралы әңгімені 23 қаңтар күні “Данамен таңғы аста” жалғастырайық!» – деп жазды ол.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз